Мектеп музейінде

51 Views

Қазан төңкерісінен кейін он жыл өткен соң 1928 жылы ең алғашқы коммуналар мен артельдер құрыла бастады. Ал, 1929 жылы «Ақ қайнар» мен «Әулие бұлақ» мекендерінен «Сазқұдық» және «Жаңа тұрмыс» артельдері құрылды. Оларға Әубәкір Бесбалаев пен Сырайыл Сатыбалдиевтер басшы болып сайланды. Бүбіхан Жұмаханова есімді әйел басшы да болды. 1951 жылы екі артель бірігіп, Мөңке темір жол бекеті маңынан қоныс теуіп, «Жаңатұрмыс» колхозы болып атала бастады. Колхозға Досымбек Құдайбергенов төр аға болып сайланды.
Бүгінгі нөмірімізде тоқсан жылдық тарихы бар ауыл туралы арнайы бет беріп отырмыз.

Иә, ауылдың тарихы әріден бас­талады. Оның үстіне ауыл Ұлы Жібек жолы бойында жатыр ғой. Елді ме­кен­нің төменгі жағындағы Бішкекке баратын болат жолдың үстіндегі ескі сүр­леумен бір кезде үш атты күйме­мен жиһангез, ғалым Шоқан Уәлиханов өтіп бара жатып «Аққайнардың» шипалы суын ішкен деседі. Шоқанмен бірге сапарлас келе жатқан қазаққа аты мәлім Жаяу Мұса ауылдың төр жағындағы «Дегерес» шыңына шығып ән салыпты. Оның өнеріне тәнті болған Тоғызақ батыр ұрпақтары Жаяу Мұсаға ат мінгізіпті. Осының барлы­ғы көнекөздерден қалған сөз. Десек те осы аңғарда Мөңке бидің жатқаны анық. Абылай хан «Ақшиде» қырғыздың Жайыл батыры бастаған қалың қолын жеңген жер де осы. Кейін «Досқожа батырда кегім кетті» деп келген Жайыл батырдың біртуғаны Маймыл батыр да осы қалың шиде ажал құшқан. Қазақ тарихында жоңғар шапқыншылығына шешуші соққы берген жер де осы Жаңатұрмыс ауылының тұсындағы «Әулие бұлақ» пен «Ойранды» шатқалы. Әбіш Кекілбаев айтқан «Тұтқын сай» да осында.
Біз мектепке осы ауылдың азаматы, тарихшы-өлкетанушы Бекқұлы Әліні ерте келгенбіз. Ол музейдегі жәдігерлерді көріп, жасы 88-ге келген колхоздың байырғы тракторшысы Мамыралы Тоқтағұловпен сырласып ұзақ тұрды(суретте). Қарт колхозшы ашаршылық жылдары дүниеге келіп, соғыс басталғанда яғни. боз­ба­ла шағында барлық қиындықты үлкендермен бірге көтеріпті. Ол кісі: — Жәкем өгізге мініп, артелдің малын бақты. Мен де әкеммен бірге мал со­ңында жүрдім. Соғыс аяқталған соң да мойнымыздан ауыр жүк түскен жоқ, қызылшаға шықтым. Сол кезде заты әйел болса да Дәнегүл апа (суретте) Тоғатаева мен Ажар Шопаева деген кісілер трактор айдайтын. Әсіресе, со­ғыс жүріп жатқан кезде ер азаматтар­дың орнын осы апаларымыз басты. 1948 жылы шығар қант қызылшасы­­нан бұрын болып көрмеген өнім алын­ды. Мен ол кезде әскерде болдым. Армиядан қайтып келген соң қайтадан тракторға отырдым. Сөйтіп, Бектұрған Шалғымбаев екеуіміз қызылшада «КДП» тракторын айдадық. Орынбай атаның келіні Майра, жаңағы Дәнегүл апаның келіні Күніпия звено басқарды. Менің әйелім Нұқан да қызылшада істеді. Бригадиріміз Жанат Құдабаев, Әшімбек Еркебұланов және Айтқазы Қожантаев үй бетін көрмейтін,- дейді Мамыралы ақсақал.
Сөзімізге осы кезде ауыл әкімі Нұрболат Жамалбеков араласып колхоз тарихынан сыр шертті. Өткенге ойлы көзбен қарасаң өмірден колхоз өндірісінің талай саңлақтары өткенін байқайсыз. Әлі есімде…Рахилә әпкем әйел де болса қой қырқудан «стахановшы» атанған екен. Сонда ол кісі бір өзі бір күнде қол қайшымен 50-60 қой қырқады екен. «Сазқұдық» артелінде трактор айдаған Жүрсін Қалқаев пен қой пермені басқарған коммунист әйел Тілеулі Ақтышқановалар туралы да жұрт жақсы лебіздер айтушы еді. Әңгіме арасында музейді аралап жүріп әлгі кісілердің сартап болып көнерген суреттерін көріп, талай әңгіменің тиегі ағытылды. Осы жолы колхоз құрылған алғашқы жылдары бесжылдық озаттары атанған талай қойшылар мен жылқышылардың есімдері аталды. Иә, олар әлдеқашан «о» дүниелік болып кеткен, әруағы разы болсын. Дегенмен, музей төріне ілінген суреттерді көріп, есімізге тү­сір­ген колхозшылардың түсін түстеп, есімін атап өткен жөн шығар. Олардың есімдерін атасақ…қойшылар Естемес Жапарқұлов, Бұғырай Байбатшаев, Өмірқұл Әлдибеков, Өзбек Тобатаев, Айнабай Молдажимов, Рақышбай Қосетов, Шалдамбай Құрманалиев, Әбік Ноғайбаев, Әбітқан Молдақұлов, Сейітқан Әлімбеков, жылқышылар Әйімбек Шөңгербаев, Әлқожа Дадабаев, Қайпылда Төретаев, Махамбет Жамбаев, Ыдырыс Жүнісбаев, Омар Жүнісбаев, бағбан Жақыпбек Жантаев, бақшашы Әлімбек Жантаев, сауыншы Әуес Жақыпбекова тағы басқалары.
Колхоз өндірісін басқарған Нәкен Байбатшаев, Атыхан Нысанов, Ермек Қылышбеков, Метіқұл Архабаев, Барақбай Дәлібаев, Ынтықбай Байбатшаев, Азамат Тобатаев, Бергембай Райысов сияқты кісілердің есімін атамасқа болмайды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында ауылдық кеңесті Қонысбай Өскенбаев, Әзімхан Нұртаев, Жаһангер Мырзалиев тағы басқалар басқарды. Ал, «Түркісіб» темір жолында жүріп Ленин орденін алған Әбдімомын Аққұлиев пен майталман механизатор Келіс Нүсіпәлиев, тракторшы Октябрь революциясы орденінің иегері Сергей Иванюков, Еңбек Қызыл ту орденін алған қызылшашы Пиякүл Райысова, сушы Тастамбек Сәлімбаев, шопан Сейітқан Әлімбеков, механизатор Кемелбек Сарқытбаев, ІІ және ІІІ дәрежелі Даңқ орденінің иегері жүргізуші Шәйләз Молдабаев пен звено жетекшісі «Құрмет белгісі» орденінің иегері Ермек Әбдірәсіловтер шындығында да колхоз экономикасын дамытуға зор үлестерін қосты.
Сондай-ақ, қан майданда жау­мен арпалы­сып елге жеңіспен оралған әскери Даңқ ордендерінің иегерлері Әбен Тастанов пен Әбдікерім Оразов, пар­ти­зан отрядының командирі әскери Қызыл Ту орденінің иегері Жылысбай Естемесов туралы қазіргі ұрпақ жыр етіп айтады. Бүгінде осы майдангерлерден бір-ақ адам қалды. Ол — Шалдамбай Шаңбаев. Қазір майдангердің жасы тоқ­санның төртеуінде.
Ауыл мектебінде майдан­гер­мен кездесу өткізіліп тұрады. Мәселен, тәлім­гер Юлия Әлімбекова (суретте) оқушыларға «Бабалар ерлігі ұрпақ­қа аманат» атты музейдегі экспонаттар тари­хы туралы әңгіме өт­­кізіп, оқушылар­дың патриоттық танымын өрістетуге және тәрбиелік мәні бар сабақтар өткізуге айрықша мән береді. Біз мектеп музейінде болып ондағы 300-ден аса жәдігерлерді көріп, осы та­рихи орынды ашуға зор үлесін қосқан мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Балтабек Күшікбаев­қа алғысымызды білдірдік. Өйткені өткенді ұмытпау – ұрпақ парызы.

С.Қожеке