БАҚУАТТЫ ЕЛ БОЛУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

76 Views

«Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Президент Жолдауына сәйкес біздің тілшіміз Тұрар Рысқұлов аудандық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рахманәлі Әбдіқадыровқа жолығып, оған ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында бірнеше сұрақ қойған еді.
Осы сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Тілші: — Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев өзінің осы Жолдауында «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» тұжы­рым­да­ма­сын іске асыру керектігін алға тар­тады. Осы тұрғыдан алғанда «билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі гео­саяси ахуалға бейімделген үйлесімді мем­лекет қалыптастыруға болады» дейді. Осы мақсатта Ұлттық сенім кеңесі құрылғанын білесіз. Сіз ау­дан­дық қоғамдық кеңестің мүше­сісіз. Ендеше осыған орай өз пікіріңізді ортаға салсаңыз деймін.
Р.Әбдіқадыров: — Қуатты өңірлер, қуатты ел болу мақсатында Жолдау­да атап көрсетілгендей тұрғындар та­ра­пынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу өте қажет екенін заман ауаны өзі-ақ, алдымызға тартып отыр. Сол себепті Қазақстанның болашағын білімді, ойшыл талантты жастардың еңбегі ар­қылы қалыптастыру үшін жергілік­ті би­ліктің оны ұтымды үйлестіре оты­рып қуат­ты елге айналуымызға мүмкін­дік жасайтын кезі келді деп ойлаймын.
Осындайда белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Ел боламын десең — бесігіңді түзе»деген сөзі біздің бәрімізге қамшы болады. Иә, ауданымызда өмірдің ашысы мен тұщысын көрген, өмірі өне­ге боларлық абыз ақсақалдарымыз, ел ағалары, мекеме басшылары және «Нұр Отан» партиясының мүшелері өскелең ұрпақтың ой-өрісіне қоным­ды ақыл кеңесін айтып, жол көрсетіп, жастарымыздың өмірден мағыналы орын алуына бағыт — бағдар береді де­ген ойдамын. Сондықтан өз атымнан бауырларыма, ағайындарға, намыс­шыл аудан жастарына айтайын дегенім: «Біз де сіздердей болғанбыз, сіздер де біздей боласыздар» деген, көптен бері өзімді түртпектеген ойларым мен ма­замды алған үзік сырымды өздеріңіз­бен бөліскім келіп отыр.
Себебі жоғарғы оқу орнын тәмам­дап өндіріске орналасқаннан кейін маған бағыт-бағдар берген, өндірісте шыңдалып құрыштай қатаюуыма қам­қорлық көрсетіп «Тар жол тайғақ ке­шудің» талай сатыларынан сүрінбей өтуге жетелеген, оқығаны мен өмір­ден тоқығаны көп ауыл шаруашылығы өндірісі мен партия саласының май­талмандары болған ауданымыздың негізін қалап, елін сүйген, киелі жерін құрметтей білген белгілі тұлғалар Әміре Тілепов, Әуезхан Әмреқұлов, Нұрқияш Әбдікерімов, Базарбай Сүлейменов, Бектенбай Қойшыманов, Нәрезім Даубаев, Қанатбай Еркінбаев, Кершайыз Мырзалиев, Дүйсеналы Тәжібаев, Мағлұм Нұрахаев, Оран Болысов, Мұсақұл Тәтібеков, Тілеулес Балпанов, Мұхатай Нұрахаев және Келгенбай Баймолдаев сияқты асыл ағалардың ақыл — кеңестерімен есейіп өмірден өз орнымызды тапқаныма шү­кіршілік етемін.
Сонымен айтайын дегенім, аудан орталығы Құлан ауылының бел ор­та­сында халқының тілеуін тілеп, елінің рухани баюуына рух беріп тұрған Тұрар Рысқұлов бабамыздың ескерткіші. Өздеріңізге белгілі ол кісі 1933 жылы И.В.Сталинге жалтақтамай, арнайы хат жа­зып қазақ халқының түп-тұқияны­мен жоғалып кетуіне үлкен қауіптің төніп тұрғанын, аштықтан қырылып жатқан ауыр халін ашық жеткізген қоғам қайраткері еді.
Сол себепті осы бабамыздың әруағын сыйлап, ескерткіш алдына барып басымызды иіп, іштей бола­шақтағы тілегіміз бен тілеуімізді жет­кізіп, гүл қойып, әруағын сыйласақ, жан дүниеңді рухани байытатын іс бол­май ма?. Бұл әсіресе, жаңа отау иесі бо­лып өмір табалдырығын қол ұстасып ат­та­ған жас жұбайларға мағыналы да қасиетті қадам болар еді.
Өкінішке орай жастарымыз ес­керткіштің алдында тұрып ішімдік ішіп, би билеп, кей кезде бабамыздың қолына стақан ұстатып кеткен сәтте­рін де көріп жүрміз. «Осы қылығымызбен ол кісінің әруағын ренжітіп алмаймыз ба?» деген ой келеді маған, тегі ба­ба­ның алдына ешқандай ішімдіктерді жолатпай әруағына бас иіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш, деніміз сау болсын деп оның рухымен тілдессек дұ­рыс болмай ма? Осы туралы сіздер­дің газеттеріңіз дер кезінде мәселе кө­тер­ді. Мен мұны құптаймын.
Құрметті бауырларым, менің осы пікірімді салиқалы ой тұрғысынан қа­был­даңыздар. Сонда мен сіздерге шексіз ризашылығымды білдіре отырып, өздеріңіздің кейінгі ұрпаққа үлгі бола­тындарыңызға титімдей де күмән келтірмес едім. Сонда ғана сіздердің қуат­ты еліміздің саналы да абыройлы аза­маттары болатындарыңызға бек сенемін.
Тілші: — Реке, Сіз Президент Жолдауына өмірдегі болып жатқан аймандай шындықтың шы­мыл­дығын түріп тұрып баға бердіңіз. Иә, сіз менің негізгі сауалымнан сәл ауытқып кеттіңіз, бірақ бақуатты ел болу үшін алдымен саналы ұрпақ тәрбиелеу керектігіне ел назарын аудардыңыз. Жаңағы сіз айтқан келеңсіздіктен барып қоғамда жа­ғымсыз пікір қалыптасатыны рас. Иә, дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін алдымен санамызды жаңғыртуымыз керек-ау, деген ойға жетелеп отырсыз. Бұл өзі рухани жаңғыру туралы Тұңғыш Елбасы айтқан сарабдал тұжырымға сай келетін пайым екен.
Р.Әбдіқадыров: — Мемлекетіміздің қуаттылығының нәтижесінде болар елді мекендердің жолдары жөндеуден өтіп, көшелері жарықтанып, ауыз су мәселесі мен табиғи газбен қамтама­сыз ету де өз шешімін тауып жатыр. Бұл дегеніміз өркендеудің өткелдері яғни өркениетті 30-елдің қатарына қосылу сатыларынан сеніммен өтіп келеміз деген сөз. Олай болса көсегелі елдің көргенді ұрпақтары болу жастардың парызы деп білемін. Сондықтан бей­мезгіл уақыттарда, түнгі сағат 2-3 мез­гіл­дерінде дәмханаларды шулатып, бол­маса орталық алаңда машиналарды жа­рыс­тырып, асфальт үстінде дөңге­лек шеңберлер жасап, машиналардың ащы даусының гүрілінен халықты ұй­қысынан оятып, бағдар шамдардың ере­жесіне бағынбай қызыл жарықтан өтіп кетіп, соқтығысып жатқанымызға жол болсын? Осындай тәртіпсіздіктің салдарынан осыдан 3 жыл бұрын той­дан келе жатқан машинасында 5 ада­мы бар отбасы осы Құлан ауылының қақ ортасында жастардың күре жол бойында машиналар жарысын ұйым­дастыруының кесірінен көлікке соқ­тығысып, қайтыс болды. Сол үшін осындай келеңсіз оқиғаларға жол бер­меу мақсатында орталық алаңға по­лиция будкасын орналастырып, ішкі істер қызметкерлерінен жасақталған топ құрып, олар ел тыныштығын тәулік бойы күзетсе деймін. Сонда орталық алаң мен мәдениет Үйінің жанындағы де­малыс паркінде біршама тәртіп орнаған болар еді. Бұған қосарым, Құлан ауылындағы барлық бағдаршамдарға (камераларға) тәртіп бұзып түскен жүргізушілерді қатаң жазалау керек. Аудандық мәслихат пен қоғамдық ке­ңестік бірлескен отырысының қа­былдаған шешімінде Құлан ауылы мен Луговой кентіндегі көшелерге кө­ліктердің жүру жылдамдығына шек­теу қоятын жол белгілерін орнатып, қа­дағалау камераларын орналасты­рып, тәртіпке бағынбағандарды қатаң жазалау керектігі нақтылап айтылды.
Тілші: Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз Ұлттық әл-ауқат қоры құрылған 14 жыл ішінде халықтың әл-ауқатын арттыруға Қордың нақты қандай үлес қосқанын білуіміз керек» деді. Ол мемлекет деңгейіндегі мәселе ғой, ал, біздің ауданымыз астықты аудан емес пе. Бізге осындай қор қажет пе?
Р,Әбдіқадыров: — Өркениетті мем­лекеттерде өндірілген өнімдердің сол өңірдегі тұрғылықты халықтын қа­жетін өтеуге жететіндей жеткілікті мөл­шерде өнім қоры жасалынып, одан ар­тылғанын сыртқы мемлекеттерге сатуға рұқсат беріледі екен. Иә, Тұрар Рысқұлов ауданы астықты аудан еке­ні рас. Ауданды 65 мың халық ме­кен­дейді, кейбір ауылдық жерде елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы өте төменгі деңгейде, соның салдарынан кейінгі кезде ел ішінде ауқатты және тұрмысы төмен азаматтардың санаты пайда болды. Сол үшін жағдайы төмен жанұяларға аудан тарапынан қолдау көрсету жолдарын қарастырып, ауданда «Астық қорын» ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Оның мақсаты, қолда­ғы малын қиналып бағып отырғандар­ға жергілікті әкімдер мен ақсақалдар ал­қасының шешімімен «Астық қорының» есебінен арзандатылған мал азығын беру жолдарын қарастырса өте дұрыс болар еді.
Иә, мемлекеттің ауыл шаруа­шы­лығындағы тауар өндірушілерге қолдау көрсетуі бүгінгі таңда жоғарғы деңгейде жүргізілуде. Атап айтсам, жанар-жағар май, техникаларға бе­рілетін субсидия, тұқым өндірісімен шұғылданатын шаруашылықтарға көрсетілетін қосымша қолдау қаража­ты шаруаның жағдайын ойлап беріліп отыр. Сондықтан жылына мемлекет есебінен қанша көлемде субсидия алады, (жанар-жағар майымен қо­са есептегенде) ал, сол аталған шаруа­шылық мемлекетке қандай пайда келтіріп отыр? Мемлекет салығын қо­сып есептегенде және сыртқы саудаға (Қырғызстан мен Өзбекстанға, т.б.) қанша астық сатады, осыған бақылау қойылып, есепке алынып, ақыр соңында сұраныс жасалуы қажет. Себебі жер ха­лықтікі «Найзаның ұшымен, білектің кү­шімен» қорғалып қалған байлық ол. Сол себепті осы өңірдегі жағдайын тү­зей алмай отырған кейбір шаруаларға мемлекеттен алған субсидиялық қа­ражаттың есебінен тұқым өндіруші ша­руашылықтар сататын тұқымының ба­ғасын мүмкіндігінше арзандату жол­дарын неге қарастыруға болмайды?
Тілші: — Қойып отырған ұсы­ныстарыңыз өте орынды. Аудан әкімдігі жыл сайын ауыл шаруа­шылығы жәрмеңкелерін ұйым­дастырып, халыққа арзанда­тылған ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалайды. Осы қолдау шарала­ры аз деп ойлайсыз ба? Әлде елдегі қымбатшылықты төмендетудің басқа да жолдары бар ма?
Р.Әбдіқадыров: — Ауылдық әкімдер және округтегі мал мамандары өз ай­мақтарындағы шаруашылықтардың мал санын жақсы біледі. Себебі жылда ветеринарлық емдеу, сырғалау, малдан қан алу сияқты тексеру жұмыстары­мен тікелей айналысып, соңында есеп жасап, тиісті жерге есеп береді. Сөйтіп, шаруалар мемлекеттің қолдауының нәтижесінде асыл тұқымды сау­лық­тардың әр басына 2 500 теңгеден, тұқымы асылданбаған саулық қойларға 1 500 теңгеден субсидия алады. Бұл да мемлекет есебінен өтеледі. Сол сияқты ірі қара малы барлар да субсидия алудан сырт қалмайды. Бұл мемлекеттің ауыл шаруашылығына деген үлкен қолдау көмегі. Сондықтан осындай қолдауға ие болып отырған шаруалармен өзара мәмілеге келіп, округ әкімдері Құлан ауылында мезгіл-мезгілімен ауыл-шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруды жиі-жиі қолға алуы керек. Жәрмеңкеге жалғыз ет қана емес барлық ауыл шаруашылығы тауарларын шығарып, арзандатыл­ған бағамен сатуға қойылса деймін. Бұл күннен күнге өсіп бара жатқан қымбатшылықты тежеуге сеп болар еді.
Тілші: — Реке, міне қараша айының соңғы жексембісі де ке­ліп жетті. Бұл кезде бүкіл ауыл еңбек­керлері өздерінің төл мерекесі – ауылшаруашылығы қызметкерлері күнін атап өтеді. «Құлан- Дән» несие серіктестігі ұжымы ауыл халқына қаржылай қолдау көрсетіп отырған бірден бір мекеме болған соң сіздерді осы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!
Р.Әбдіқадыров: — Жақында «Құлан-Дән» несие серіктестігінің кеңейтілген Басқарма мәжілісінде құрылтайшылар өмірлік сұранысы бар өзекті мәселені талқылады. Біздің 446 құрылтайшымыз негізінен ауылдық жерлерде тұрып, еңбек етіп отырған соң халықтың бүгінгі тыныс-тіршілігін жақсы біледі, олар еліне, жеріне жаны ашитын абзал азаматтар. Басқарма мәжілісінде қазір­гі қымбатшылық пен қиын қыстау уақыт­та ауылдық жерлерде тұрып жатқан тұрмыстық жағдайы төмен отбасылар­ды тауып, олардың бала-шағаларының жағдайын біліп, материалдық көмек көрсетуді біз өзіміздің азаматтық па­ры­зымыз деп тауып, осы мақсатта «Құлан-Дән» несие серіктестігінің жанынан «Мейірім» қайырымды­лық қорын ашуды күн тәртібіне қой­дық. Құрылтайшылардың жалпы жи­налысы біздің осы ұсынысымызды қол­дайтынына сенімдімін. Бұл біздің ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне тартуымыз десе де болады. Қор қаражаты негізінен несие серіктестігі­нің табыс көзінен және құрылтайшы­лар­ға бөлінетін девиденттің есебінен толықтырылатын болады.
Құрметті әріптестер! Мереке құтты болсын!
Тілші: -Әңгімеңізге рахмет, алда­ғы жылымыз табысты болсын!

Сұқбатты жүргізген арнаулы тілшіміз Сейсен Қожеке.