Кәсіпкерлердің жұмысымен танысты

97 Views

Билік бастамасымен қолға алынған бағдарламалардың орындалуы, жалпы ережесі мен тұжырымдамасы, оның іске асырылуы және нәтижесі халыққа ашық әрі шұғыл түрде жеткізілуі керек. Осы орайда аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың тапсырмасымен облыста баспасөз-тур жұмыстары бастау алған болатын. Оған жамбылдық қос арна мен бас газеттердің тілшілері тартылған. Баспасөз-тур мүшелері бекітілген жоспарға сәйкес, әр өңірде индикаторлық көрсеткіштердің орындалуын, оның ауданның дамуына қаншалықты әсер етуін, елді-мекендерде кәсіпкерлікті қолдау бойынша қандай іс-шаралар қолға алынғанын кеңінен қамтып, баспа беттерінде жариялауы керек. Жамбыл ауданынан бастау алған баспасөз-туры осы аптаның басында Тұранның тұғырлы тұлғасы Тұрар Рысқұловтың есімімен аталатын ауданға арнайы келді. Кезінде агро саланы алшаң бастырып, бүгінде де сол тұғырдан таймаған ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, кәсібінен өз нәсібін тауып отырған бірнеше кәсіпкерлермен кездесті.

Медиа саласының қызметкерлері ең алдыменен «Қаракөз» сауда орта­лығын аралап көрді. Іргетасы 1980 жыл­дары қаланып, ағымдағы жылы қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген нысанда халық көп тұтынатын, бағасы қолжетімді тауарлар сөрелерге қойылған. Ғимараттың іші жарық, жанға жайлы көрінеді. Заманауи үлгіде қайта құлпырған «Қаракөз» сауда орта­лығының иесі Нұрлан Қауымбаев бас­пасөз мамандарына мемлекет пен жер­гілікті басшылардың қолдауына дән ри­за екенін айтып, ауданда кәсіпкер­лік ба­ғыттағы жұмыстар кең ауқымда насихатталып жатқанын жеткізді. Ауылшаруашылық саласындағы кенже дамып келе жатқан саланың бірі – құс шаруашылығы. Осы бір ол­қылықтың орнын толтыру мақса­тында аудан тұрғындары бүгінде аталмыш кәсіп түрін жандандыруға бет бұрған. Солардың қатарында – Қуаныш Тәжиев те бар. Қазіргі таңда кә­сіпкер құс өсірумен айналысып, оның ішінде адам ағзасына пайдалы бо­лып келетін күркетауық құс түрін көбей­туді көздейді. Айта кету керек, Қуаныш Тәжиев өз кәсібін «Бастау бизнес» жо­басы арқылы іске асырған. Баспа­сөз-тур мүшелері өз ісін жаңадан баста­ған аудан тұрғынына толағай табыс пен жұмысына сәттілік тіледі.
Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланған тұрғындар қата­рын­да Айсұлу Досбембетова да бар. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант иегері атанған жас кәсіпкер фотосалон ашып, жергілікті тұрғындарға сан түр­лі қызметтер көрсетуде. Аудандағы 365 жас кәсіпкердің қатарына қосыл­ған Айсұлу өзінің жеке бизнесін бастауға қолдау білдірген аудан әкімі Ерболат Садырқұловқа және кәсіптің қыр-сы­рына үйретіп, бағыт-бағдар берген «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының ұжы­мына алғысын айтты.
Аудан экономикасының негізгі табыс көзі — ауылшаруашылық. Сон­дықтан да, тұрарлық тұрғындар агро саланы жандандыруға аса қатты мән беріп келеді. Әсіресе, мал басын кө­бейту, оны бордақылап, ет өнімін өн­діру бағытындағы жұмыстар мен көр­сеткіштер көңіл қуантады. Баспасөз-тур мүшелері бұл бағытта жұмыс жасап, өз ісін дөңгелетіп отырған «АлРай» шаруа қожалығының жұмысымен де танысты. Мал бордақылау алаңын іске қосқан Қ.Әбдірайымовпен тіл­десіп, кәсіпкердің күнделікті күйбең тіршілігіне көз жүгіртті.
Арнайы іс-сапармен келіп, кә­сіп­керлердің жұмысын барлап көрген медиа қызметкерлер ауданда шағын және орта бизнестің дұрыс жолға қойыл­­ғанын әрі қарқынды дамып келе жат­қанына көз жеткізгендіктерін ай­тып, жоғары баға берді.
Аудан әлеуетін көтеру, отба­сылық табысты еселеу, халық­тың қажеттілігін қамтамасыз ету бағы­тында жұмыс атқарып отырған кәсіпкерлерге қарап, қайран қа­ласың. Табандылық пен нағыз ең­бекті ұштастыра білген, масылдық пен мұқтаждықтан бойын аулақ ұс­­­тай­тын дәл осындай еңбекқор жан­дар­ды қазіргі қоғамға үлгі ретін­де таныстыру қажет. Ал, ол үшін облыс басшысы Асқар Мырзахметов­тың тапсырмасымен ел арасында жүр­ген баспасөз-туры таптырмас мүм­кіндік.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.