Бес бағыттың жұмыс жоспары бекітілді

115 Views

Апта басында аудандық мәдениет үйінде орналасқан «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде кең көлемде ұйымдастырылған жиын өтті. Оған аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, бірқатар бөлім басшылары, БАҚ өкілдері, «Жастар ресурстық орталығының» инспекторлары мен әр салада жемісті еңбек етіп жүрген белсенді жастар қатысты. Кездесудің басты мақсаты — аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын қалыптастыру, мәдени-көпшілік және жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына тарту болып табылады. Сондай-ақ, ауданда жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында жылдық жоспар әзірленіп жатқандықтан, жыл басталмас бұрын тың идеялар мен ұсыныстарды бір арнаға тоғыстырып, белсене жұмыс атқару үшін жиындағы жастардың ой-пікірі мен ұсыныстарын тыңдау, оған сараптама жасап, талдау басты назарға алынды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев айқындап берген «Жастар жылы» аяқталуға жақын. Жыл басынан бері Елбасының үлкен сенімін арқалаған жастар биыл толағай табыстарға жете білді. Оны өз ауданымызда жүйелі жоспарларға негізделіп, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардан анық аңғаруға болады. Шынымен де, биылғы «Жастар жылы» жағымды жаңалықтарға толы болды. Ол жұмыстар жайында біз басылымның өткен сандарында кеңінен әңгімелеген болатынбыз.
Наурыз айының басында аудан тізгінін ұстаған Ерболат Салқынбекұлы жастармен сәт сайын кездесіп тұрады. Дегенмен, аудан басшысының бұл жолғы жастармен кездесуі бұрыңғыларынан өзгерек. Әдеттегідей, есептік жиын­дардағыдай емес, кездесу еркін фор­матта өрбіді. Дәлірек айтар болсақ, жастардың ойылары тыңдалып, оларға нақты жауап қайтарылды. Жиында модера­тордың міндетін атқарған «Жас­тар ресурстық орталығының» дирек­торы Айбек Сәрсеханұлы алғашқы болып сөз сөйлеп, кездесудің мақсат-міндетімен таныстырды. Содан соң, жиынға арнайы уақыт тауып келген аудан басшысына алғысын айтып, сөз берді. Алғы сөзін «Жас достар!» деп бастаған аудан басшысы ең алдымен жиынның маңыздылығына тоқталды. «Қоғамда жастардың алатын орны ерекше. Жастардан күтілетін үміттің де орны бөлек. Оны осында отырған әрбір белсенді жас жақсы түсінеді деген сенімдемін. Біз биылғы «Жастар жылы» аясында үлкен жұмыстарды қолға алып отырмыз. Яғни, келер жылы «Жастар ресурстық орталығының» мамандары аудандық бірнеше бөлімдермен бірлесе, бес бағыт бойынша жұмыс атқаратын болады. Аталмыш жұмыстар аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалану, туризмді дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, мәдени-көпшілік және жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына тарту, жастарды кәсіпкерлікке баулуға бағытталған. Бүгін қос тарап келісімімен дайындалған жоспар сіздерге таныстырылатын болады. Егер де алып қосарларыңыз болса, тыңдауға әзірміз» деп жиынға қатысып отырған жастарға сөз берді.
«Жиын ешқандай қағида мен бел­гілі тәртіптерге сүйенбейді. Еркін форматта өтеді» деген аудан әкімінің сөзін ескерген жастар өз ойларын ортаға салып, кеңінен көсіліп сөз сөйледі. Әсіресе олардың басым көпшілігі бес бағыттың ішіндегі спорт саласын дамыту керектігін айтып, жергілікті жерлерде спорт алаңдарының санын көбейту қажет екенін жеткізді.
Кездесу барысында ұтымды ұсыныс­тардың бірін Луговой ауылының тұрғыны Жәнібек Жүсіпов жеткізіп, көпшіліктің көңілінен шықты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Осы бағыт бойынша ауданымызда «Жан жылуы» атты топ құрылған болатын. Топты құрудағы басты мақсатымыз – көмекке мұқтаж, аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созу. Мақсатымызды іске асыру жолында Бауыржан Жорақұл мен Қуанышбек Османбеков сынды жас жігіттер белсенділік танытып келеді. Қазіргі қоғамда ең актуалды тақырыптардың бірі – көп балалы аналардың жағдайы. Осыған байланысты біз алдағы уақытта көп балалы 4 отбасыға баспана салып беруді жоспарлап отырмыз. Шамамыз келгенше барлық жағдайды жасап беруге тырысамыз» — деп аудан басшысына аталмыш бастамаға қолдау көрсетуін сұранды. Өз кезегінде Ерболат Салқынбекұлы аудан бойынша қайырылымдық бағытта атқарылған жұмыстарды айта келе, бастамаға барынша қолдау көрсететінін жеткізіп, мәселені шешу жолдарын баяндап берді.
Жиында өзге де мәселелер талқы­ланды. Атап айтар болсақ, жұмыс күшінің аздығы, аудан аумағында заманауи ойын-сауық орталықтарының жоқтығы, жастардың мәдени-көпшілік іс-шараларға аз баруы, құжат жинақтау кезінде кездесетін қиындықтарды жою сынды мәселелер жастар тарапынан көтерілді. Жастар көтерген сауалдарға нақты жауап қайтарылып, маңыздылары хаттамаға енгізілді.
Жиын соңына қарай жастардың ұсыныс-тілектері ескеріліп, аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың бастамасымен қолға алынған бес бағытта атқарылатын жұмыстардың жоспары бекітілді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.