Жаңа заманғы кітапхана жүйесі

20 Views

Мәдениет – өнер мен білім ордасы десек, кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда.
Ауданымызда Топатаева Нұрсұлу Жайлаубайқызының басшылығымен барлығы 31 кітапхана: оның ішінде 4-уі балалар, 27-і ауылдық кітапханалар жұмыс жасап отыр. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жалпы кітап қоры 211 805 дана болса, оның ішінде мемлекеттік тілде 139 825 дана кітап бар. Сондай-ақ, кітап сөрелеріміз жылда жаңа кітаптармен толығып отырады. Түрлі іс-шаралар барысында оқырмандарға кеңінен насихаттау мақсатында жаңа, қызықты кітаптардың тұсауы кесіледі.
Бүгінгі жаһандану кезеңінде ауданның 14 елді мекеніндегі кітапханаларда жаңа мүмкіндіктер­ге толы «Цифрландырылған ақпа­раттық орталықтар» ашылды. Цифрландырылған ақпараттық орталықтарда жылдамдығы жоғары интернет желісі арқылы түрлі ақпарат іздеумен қатар egov.kz порталы арқылы 12 қызмет түрі көрсетіледі. Атап айтар болсақ, халық арасында жоғары сұранысқа ие зейнетақы қоры анықтамасы, балабақшаға кезекке тұрғаны жайлы, жылжымайтын мүліктер, азаматтың сотталған немесе сотталмағаны туралы анықтамаларын алуға болады. Демек, шалғай ауылдардағы жұрт аудан орталығына барып уақытын жоғалтпайды. Сондай-ақ, бүгінгі таңда орталық қызметкерлері http://zhambyl.cao-zhambyl.kz сайты арқылы жергілікті тұрғындарды ауыл, ауданның қоғамдық, мәдени, экономикалық, әлеуметтік өмірі жайлы жан-жақты ақпарат беру мүмкіндігіне ие болып отыр.
Кітапхана қызметкерлері оқырмандарға тек кітап ұсынып қана қоймай, атаулы мерекелерге байланысты түрлі іс-шаралар мен кездесулер, көрмелер өткізіп келеді. Жыл басынан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында, Ұлы жеңістің 75 жылдығы және еліміз бойынша жоғары деңгейде атап өтіліп жатқан екі үлкен мерейтой — ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен қазақтың дара ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай іс-шаралар мен кітап көрмелері өткізілуде.
Бүгінде бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Дүние жүзін жайлаған індетке байланысты елімізде төтенше жағдай режимі енгізілді. Осындай қысылтаяң кезде де аудан, ауыл кітапханашылары өз оқырмандарынан қол үзбей қашықтықта жұмыс жасауда. Оқырмандарымыз үйде отырып белсенділік танытуда. Әлеуметтік желі арқылы онлайн-кездесу, онлайн-сұхбат, виртуалды кітап көрмелері, видео шолулар мен электронды кітаптар тізімі жіберілуде.
Кітапхана – өткен мен бүгінді байланыстыратын ғажайыптар мекені. Оны халыққа насихаттап, кітап оқуға баулу, қызықтыра білуде кітапхана қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз.

Нұршат ЕРСАЙЫН,
аудандық орталық
кітапхананың кітапханашысы.

Добавить комментарий