Көмейіне ән дарыған Рысбек

18 Views

Бауыржан Момышұлының: «Кейбір әншілер қазақ әнінің әуенін бұзып, үнін өзгертіп, тілін тұтықтырып, сөзін сындырып айтады. Кейбір әншілер қайғыны биге, қасіретті арзан күлкіге, мұңды қуанышқа айналдырып жібере­ді. Ендеше, мен неге ондай әншілерді жақсы көруге тиіспін?», – деп ашына айт­қан. Шіркін қазіргі эстрада жанрын­да ән салып жүрген «әншісымақтар» осы сөзді жете түсінсе екен дейсің.
Аудандық мәдениет үйінің әншісі, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық творчестволық бірлестігінің мүшесі Рысбек Қадырқұлов ән өнерінде «табаны тесілгенше» еңбек етіп келе жатқан кәсіби өнерпаздың бірегейі. Неліктен бірегейі? Өйткені, Рысбек шырқаған әннің табиғаты өзгеше. Ән­ші­нің дауыс ырғағы қандай керемет. Әсіресе, жоғары ноталарды айтқанда Рысбек өзін «суда жүзген балықтай» сезінеді. Оны талай концерттерде көріп жүрміз. Қазақтың қадірлі ақыны Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған даңқты композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнін Рысбек секілді шырқайтын өнерпаздар некен-саяқ. Сондықтан болар, ұжымдағы әріптестері оны мойын­дап, әншілігіне ешқандай талас тудыр­майды. Себебі, ол — кәсіби әнші.
Рәкең ылғи ізденіп, еңбектеніп жү­ретін өнерпаздардың санатына жата­ды. Осы еңбегінің жемісі шығар, ол «Бейбітшілік әлемі» халықаралық твор­честволық бірлестігіне мүше болды.
Қазір тас лақтырсаң «той жұлдызы» атанып жүрген «әншісымақтарға» тиеді. Бұл сан мәрте көріп жүрген көрініс қой. Жасыратын несі бар, қазір мектеп оқушысы да тойда ән салып жүр. Бұл не? Әу бастан шынайы өнерге өлермендікпен қарайтын көзқарас­тың бәсеңдей бастағаны ма, әлде, өнерді «Авгийдің атқорасына» айналдырған өнерпаздардың желідегі жарнамасы күшті ме? Жазушы Рахымжан Отарбаев «Қазірде жас әнші көп. Өңшең – жұлдыз. Қазақ аспанына қалай сыйып жүр деп таң қаласың. Ал, көбінің әнін тыңдасаңыз… Әуені – азғын, сөзі — сорақы. Аяқтары – жерде, демі – көкте. Қолда – микрофон. Бар кәсіптері ел-жұрттан ақша жинау. Бизнестің ең оңай жолы осы шығар. Әлің жетпесе ән­мен ойна деп оларға кім айтты екен?!» деп тектен-текке айтпаған екен ғой жа­рықтық. Мына сөздің астарында ішкі кіжіл жатыр, егер түсінетін түйсік бол­са. Рәкең тойда ән шырқамайды емес, шырқайды. Оған сұраныс та жоғары. Тойда да ол әулекі, сөзі мазмұнсыз ессіз әнді емес, сөзі жұмыр, халық қосыла шыр­қайтын Шәмші, Нұрғиса, Әбілахат аға­ларымыздың әндерін орындайды көбіне-көп. Ал, олар жазып қалдырған әндер «құлақтың» емес, мәңгіліктің туын­дылары ғой шіркін.
Нұрғиса Тілендиевтің әні деп қал­дық. Айтпақшы, Рысбек Қадырқұлов КСРО Халық әртісі, композитор, дири­жер Нұрғиса Тілендиевтің 95 жылдығына орай облыс әкімдігі мәде­ниет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Өз елім» атты республикалық онлайн конкурсынан жүлделі I орын­ды иеленді. Аталмыш конкурсқа Қызылор­да, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарынан өзге Нұрсұлтан қала­сының да әншілері қатысқан. Рәкең бұл конкурста да үздік деп та­нылды. Өйткені, сөз арасында айтып өткеніміздей, Нұрғиса ағамыздың әнін ол нәшіне келтіре орындайды. Рысбек Қадырқұлов «Еуразия» бірінші арна­сынан көрсетіліп жатқан «Супер қала» бағдарламасына да Жамбыл өңірінің атынан қатысып, өнер көрсетіп келді. Құдай қуат берсе, Рәкеңді әлі талай жетістіктерден көретініміз анық.

Марат Диханбай.

Добавить комментарий